АҚШ-тың Линден қаласына жақын орналасқан Вейдкамп тас жолында 250 миллионға жуық ара тасып бара жатқан жүк көлігі аударылып қалды.
CBS News хабарлауынша, жүк көлігі ішінде салмағы 32 тонна болатын омарта ұялары болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін аралар жол бойына түгелдей таралып кеткен. Оқиға орнына дереу омарташылар жетіп келіп, аналық араларды табуға және оларды қайта ұяға қайтаруға кіріскен.
Қауіпсіздік мақсатында тас жол екі күнге толық жабылған. Оқиға салдарын жою үшін 20-дан астам кәсіби омарташы жұмылдырылған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, аралар тұрғындарға тікелей қауіп төндірмейді, алайда аллергиясы бар адамдарға сақтық шараларын сақтау ұсынылған.
«Қазіргі сәтте оқиға орнындағы жұмыстар аяқталды. Аударылған көліктен аман қалған омарталар шығарылып, қайта қалпына келтірілді және пайдалануға тапсырылды. Таңға дейін аралардың басым бөлігі өз ұяларына қайта оралады деп күтілуде», – делінген хабарламада.