АҚШ-тың Бостон қаласындағы федералдық сот Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу туралы шешімді уақытша тоқтатты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, шешімді судья Эллисон Берроуз қабылдады. Ол бұл шешім «қалыптасқан жағдайды сақтау» мақсатында шығарылғанын атап өтті. Алайда, іс бойынша түпкілікті үкім әлі қабылданған жоқ.
Бұл жағдай АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаментінің 22 мамырдағы бастамасынан кейін туындаған болатын. Ведомство басшысы Кристи Ноэм Гарвард университетін зорлық-зомбылықты қолдау, антисемиттік әрекеттерге жол беру және Қытай Коммунистік партиясымен байланыс орнату секілді айыптар негізінде Student and Exchange Visitor Program (SEVP) сертификатын жоюды бұйырған.
Егер бұл сертификат жойылса, университет шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылар еді. Алайда судьяның шешімі аталған әрекетті белгісіз мерзімге тоқтатып, университетке SEVP бағдарламасын әзірге жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, судья Эллисон Берроуз — АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың тағайындауымен қызметке келген.