АҚШ Сенаты Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуын мақұлдады
АҚШ Сенаты Финляндия мен Швецияның Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылуын ратификациялауға дауыс берді.
Сенат сайтында жариялаған хаттамаға сай, 95 сенатор Скандинавиялық екі елдің НАТО-ға мүше болуын қолдады, біреуі қарсы болса, біреуі қалыс қалған.
Сенаттың мақұлдауын алу үшін кемінде 67 дауыс қажет болған еді.
Финляндия мен Швеция 18 мамырда НАТО-ға кіруге ресми өтініш білдірген болатын.
Құжаттарды НАТО-ның барлық мемлекеттері ратификациялағаннан кейін Хельсинки мен Стокгольм ұйымға мүше болады. Мақұлдау хаттары АҚШ Мемлекеттік департаментіне сақтау үшін жіберіледі.
Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін екенін атап өткен. Қазрге дейін Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы құжаттарды альянсқа мүше 30 елдің 23-інің парламенті ратификациялаған.