АҚШ паспорты биылғы «Henley Passport Index» рейтингінде әлемдегі ең беделді ондықтың сыртында қалып, 12-орынға түсті.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, америкалық азаматтар бүгінде 180 елге визасыз немесе келгеннен кейін виза алу арқылы сапарлай алады. Бұл көрсеткіш АҚШ-ты Малайзиямен бір қатарға қойды.
Ал көш басында тұрған Сингапур азаматтары 193 мемлекетке еркін кіру мүмкіндігіне ие. Бұл айырмашылық елдің халықаралық ықпалын ғана емес, жаһандық сенім деңгейін де көрсететін маңызды өлшемдердің бірі.
«Newsweek» басылымының жазуынша, шілде айында АҚШ паспорты Исландия және Литвамен бірге алғашқы ондыққа енген еді. Алайда соңғы айларда орын алған өзгерістер нәтижесінде Америка өзінің бұрынғы позициясынан айырылды. Сарапшылар мұны геосаяси факторлар мен көші-қон саясатының қатаюымен байланыстырып отыр.
Осылайша, бір кездері әлемдік саяхат еркіндігінің символына айналған америкалық паспорт қазір өз ықпалын біртіндеп жоғалтып келеді.