АҚШ 75 ел азаматтарына виза беруді тоқтатпақ
АҚШ 75 мемлекет азаматтары үшін иммиграциялық визаларды рәсімдеуді тоқтататынын мәлімдеді.
Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.
Агенттіктің атап өтуінше, бұл – президент Дональд Трамптың елге кіруге ниетті шетел азаматтарына қатысты жаңа қадамы.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі AFP агенттігіне 75 елдің азаматтары үшін иммиграциялық визаларды рәсімдеу уақытша тоқтатылатынын растаған.
Трамптың өкілі әрі баспасөз хатшысы Кэролин Левитт виза түрін нақтыламай, X әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп жазды:
«Құрама Штаттар Сомали, Ресей және Иран сияқты 75 елдің азаматтары үшін барлық визаларды рәсімдеуді тоқтатып отыр».
Левитт бұл жазбаға Fox News телеарнасына сілтеме қоса тіркеген. Аталған телеарна 21 қаңтардан бастап 75 ел азаматтары үшін визаларды белгісіз мерзімге тоқтату туралы алғаш болып хабарлаған.