Әңгіме!
Құлман ОЧИЛОВ,өзбек жазушысы
Редакцияның арнайы тапсырмасы бойынша Бекабад қаласындағы іссапарым аяқталып, кері қайттым. Қайтарда қатты дауыл көтеріліп, ағаштар құлап, аспан шаң-топырақ болып кетті. Желдің артынан жауын басталды. Қаладан шығып, Бекабад-Ташкент күре жолына жеткенше ақ көлігім әбден кір-қожалақ болғаны.
Ташкентке кіре берісте, астанамыздың айнадай көшелерінде лас көлігіммен жүргім келмей, машинамды жуып алуды ойладым. Өйткені, бас редакторға мақаламды тапсыруым керек, ертен жууға қолым тие қоймас...
Жол-жөнекей бұрылған көлік жуу бекеттерінің барлығында ұзыннан ұзақ кезек қарсы алды. Уақытымды күтумен бекер өткізгім де келмеді.
Сөйтіп келе жатқанда, үлкен айналма тас жолдың шетінде, арықтың жағасында кітап оқып отырған, жанында шелегі бар он екі-он үш жастағы жеткіншекті көріп қуанып кеткенім.
Тоқтағаным сол еді бала қолына шелегін ұстап, жүгіріп келді.
- Сәлеметсіз бе! - деді амандасып. - Аға, сіз осы Бекабадтан келе жатырсыз ау?
- Иә! Оны қайдан білдің?
- Мамандығымыз сондай, - деді мұрнын көтеріп.
- Мамандық? Сендей боқмұрын балада қандай мамандық болушы еді?
- Біріншіден, аға, мен боқмұрын емеспін және бала да емеспін - менің жасым он екіде. Екіншіден, қазіргі уақытта әрбір боқмұрын Бекабад қаласының желдің өтінде тұрғанын біледі. Шаңды дауыл көтерілсе, артынан міндетті түрде жаңбыр жауады. Бекабадта көлік жуатындарға рахат!
- Қатырасың, сен, бала! Осының бәрін қайдан білесің, кім үйретті?
- Міндетті түрде біреу үйретуі керек пе, - деді де, іске көшті. - Машина жуамыз ба? Моторын ше? Әлде тек іші-сыртын ба?
- Егер бағасына келіссек, толықтай жуамыз.
- Түйенің немесе аттың құнын сұрамаймыз. Тауықтың бағасын берсеңіз жетеді.
- Солай де! - Мен көлігімнен шықтым. - Өзің тірі атты немесе түйені, болмаса тауықты көрдің бе осы, "ақсақал"?
- Қалай десем болады?.. - деп "ақсақал" ойланып қалды да, сөзін жалғастырды: - Мүмкін түйенің өзін көрмеген болармын, бірақ құмалақтарын көргенім анық.
- Жарайсың! Қайдан шыққан шешенсің? Ауылдан келдің бе?
- Түйені аттан айыра білу үшін міндетті түрде ауылда тұру қажет емес шығар.
- Сонымен, қызметіңіздің құны қанша?
- Егер машинаны толық жусақ, іші-сыртын, моторды, онда жиырма бес мың.
- Жиырма бес мың?! - Көзімді бақырайттым. - Ұятың барма бала, түсір бағасын.
- Саудаласуға болады, бірақ мен жұмысқа бар жанымды саламын. Болмаса сәттілік қашады.
- Сен өзің тура бір шалдар сияқты, мақалдатып, мәтелдетіп сөйлейді екенсің. Он бес мыңға келісейік, мен өзім де көмектесемін.
- Жиырма - бітті. Келісесіз бе?
- Жарайды, келістік, ақылдылығың үшін тағы бес мың қосайын. Жиырма мың болса болсын!
Бала қуанып кетіп, қолын ұсынды. Қолы кәдімгідей қарулы.
- Атың кім балақай?
- Әнуар.
Ағаш көлеңкесінде кішкене орындық тұр, үстінде бір кітап жатыр. Әділ Яқубовтың "Ұлықбектің қазынасы" кітабы. Кітап ішінде жақсылап ұшталған қарындаш. Кейбір сөйлемдердің асты сызылған: "Ұрыс даласына шыққан жауынгерге ойланатын уақыт жоқ...".
Шуға елең ете қалдым. Қарасам, Әнуар ескі шаңсорғышпен машинаның орындықтарын тазалап жатыр екен. Көрші үйден ағаш арқылы электр сымы тартылыпты. Жазғы демалыстың нағыз қызған шағында, құрбы-құрдастарының бәрі қала сыртында, көлеңкелі-саялы лагерьлерде жүргенде, ұяттан әбден безген ата-ана ғана осындай ақылды баланы ақша табуға жұмсай алар...
- Барлық бала қазір доп қуалап жүр, ал сен неге жұмыс істеп жүрсің? - деп сұрадым, су толған шелекті оған беріп жатып.
"Ұстаз айтты: "Жеңіл жолды бауырым сен іздеме,
Кездескенді пайдаланып, қолдан оны жіберме..."
Шелекті қолымнан түсіріп ала жаздадым.
- Аға, босқа ойнағаннан не пайда? Мүмкін, мен болашақта ірі кәсіпкер болармын, көлік жуатын бекеттер ашармын.
- Әлішер Науаидің ғазалдарын қайдан жақсы білесің? - деп құйтырқылана сұрадым.
- Өтірік білмеген сияқты болмаңызшы. Бұл Абдулла аканың өлеңі ғой.
Бүгінде Абдулла Ариповтың өлеңдерін жатқа айтпақ түгілі, оның шығармашылығын білетін кісіні кездестіру қиын, ал мына балақай, өлең жолдарын орынды пайдаланып қана қоймай, ұлы ақынды туысындай "ака" дейді. Қатты таңғалып, одан әрі қазбалай бердім:
- Абдулла деген кім? Сенің ағаң ба? Ол ақын ба? Өлең жаза ма?
- Ағасы, менің көңілім қалайын деді. Осыншама жасқа келіп, Абдулла Ариповтің кім екенін білмейсіз бе?
- Білемін. Бірақ, ол кісінің сенің ағаң екенің мен қайдан білейін?!
- Көлігіңізді немен жуамыз, сусабынмен бе, әлде кір сабынмен бе?
- Қайсысы жақсы?
- Егер сусабынмен жусақ, машинаңыз зауыттан қазір шыққандай жылтырайды. Бірақ ол кейін бояуына кері әсер етеді.
"Мылжың болса да, білмейтіні жоқ", - деп ойладым.
- Онда кір сабынмен жуамыз.
- Жақсы, қатырамыз.
- Иә, сонымен ақын Абдулла Арипов сенің кімің болады?
- Ешкімім емес. Өмірімде көрмеген адамым. Біздің үйде сүйікті ақындарымызды солай атаймыз "Абдулла ака", "Еркін ака", "Аман ака". Анамыз солай атайды.
- Анаңыз өлең жаза ма?
- Мүмкін, жас кезінде жазған болар. Анам Абдулла Ариповтың, Еркін Вахидовтың, Аман Матчонның көптеген өлеңдерін жатқа біледі. Сіз менің інімді көрмедіңіз ғой - ол өлеңді керемет мәнерлеп оқиды!..
- Ата-анаң немен айналысады?
- Анам мектепте өзбек тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ал, әкемнің не жұмыс істейтінін білмедім. Ол бізді тастап кеткен.
- Кешір.
Осындай ақылды және еңбекқор балаларын, терең білімді әйелін қандай да бір "шүйкебас" үшін тастап кеткен еркекті бір сыбап алуға болар еді! Бірақ, одан қазір пайда бар ма?!
Мені баурап алған әңгімені жалғастырғым келді, бірақ не айтарымды білмей, ойланып қалдым.
- Әнуар, сен лагерьде демалып көрдің бе?
- Әрине. Жыл сайын Күмісқанға барамын. Табиғаты керемет жер. Тек, биыл інім ғана кетті. Мен бара алмайтын шығармын.
- Неге?
- Анам тағы да ауруханаға түсіп қалды...
- Ол кісіге не болды?
- Қатерлі ісік.
Әнуар терең күрсінді.
- Сіз шелекті ұстай тұрасыз ба? Моторға құлап кетуі мүмкін.
- Туған-туыстарыңыз, махалла, көршілеріңіз... көмектесе ме? Жалғыз өздеріңе қиын емес пе?
- Туыстарымыз жоқ. Әкем де, анам да балалар үйінде тәрбиеленген. Көршілер, махалла, мектеп, дәрігерлер - бәрі қолдарынан келгенше жәрдемдеседі. Бірақ, өзіңіз де білесіз ғой, ісік- өте жаман ауру. Байғұс анамыздың шаштары түсіп қалды. Қиын ота жасалды, дәрілер өте қымбат. Анам көп жылайды: "Егер үйде ер адам болғанда мен мұндай дертке шалдықпас едім. Өлсем сендерге кім қарайды?". "Мен еркек емеспін бе, - деп анама жауап беремін, - Сіз өлмейсіз! Ақша, дәрі-дәрмек, не қажет бәрін мен табамын. Сізді емдеп шығарамын, ініме де қараймын". Өткен жолғы отаға керек болған қаржыны мен таптым. Бірақ, анам сонда да жылай береді, жылай береді...
- Ініңнің жасы нешеде?
- Сегізде. Екінші сыныпқа көшті.
- Қазір кіммен тұрып жатырсыңдар?
- Бауырымыз екеуміз ғана, - арықтан шелекке су толтырып алды да, машинаның үстіне шашты. - Юнусабадта екі бөлмелі пәтеріміз бар. Тамақ та істей аламын, кір де жуамын. Анамызға барып тұруға да үлгеремін.
Тамағыма өксік келді... Жасына қарамай өте ақылды, қажырлы, көздері бақырайған балақаймен қоштасып тұрып, отыз мың сум ұсындым...
Ақшаны санап, маған он мыңын кері қайтарып берді:
- Жиырмаға келіскенбіз. Келісімді бұзбайық. Сөзде тұру керек қой. Уәде - ақшадан да қымбат.
- Жарайды, ала ғой, бауырың екеуің балмұздақ алып жерсіңдер.
- Рахмет, аға! Балмұздаққа, құдайға шүкір ақшамыз жетеді. Ал сіз машинаңызды жууға тағы да келіңіз...
Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ