Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісі 2027 жылы іске қосылады.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы «Қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» бекіту бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясында әкім орынбасары Асқар Амрин мәлімдеген.
Спикердің сөзінше, әлемнің ірі қалаларында азаматтар негізінен жүрдек көлік – метро, LRT, BRT жүреді. Автобус, велосипед, самокат қысқа қашықтыққа жүру үшін қолданылады.
«2025 жылға дейін қолданыстағы BRT желісі «Шығыс қақпасы» полиорталығына дейін ұзартылып, Райымбек даңғылы бойымен жаңа BRT желісі іске қосылады. 2025 жылы Қалқаман метро стансасы пайдалануға беріліп, батыс бағыттағы келесі үш стансаның құрылысы басталады. 2027 жылға қарай Төле би көшесінің бойында жүрдек жеңіл рельсті жолдың бірінші желісін іске қосамыз», - деген әкім орынбасары.