Берлиннен Мәскеуге ұшып келген ресейлік оппозиция қайраткері Алексей Навальный Шереметьево әуежайында паспорттық тексеруден кейін қамауға алынды.
Навальныйды тұтқындауды қылмыстық ісі бойынша Федералдық қылмыстық-атқару қызметі (ФСИН) қызметкерлері жүзеге асырған.
«Шереметьево әуежайында Ресейдің Мәскеудегі Федералды Қылмыстық-атқару қызметі жедел басқармасының іздеу бөлімі қызметкерлері шартты жазаға кесілген Алексей Навальныйды ұстады, ол сынақ мерзімін бірнеше рет бұзғаны үшін 2020 жылдың 29 желтоқсанынан бастап іздеуде болды», - делінген ФСИН хабарында.
Германия астанасы Берлин қаласынан ұшып шыққан «Победа» ұшағы тіркеу бағыты бойынша «Внуково» әуежайына қонуы керек еді, алайда ұшақ «Шереметьево» әуежайына қонған.
Ресейлік жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша Навальныйды тұтқындау кезінде оған не үшін қамауға алынғаны айтылмаған және оппозициянердің әйелі мен адвокаты онымен бірге баруына тыйым салынған.
Навальный 2020 жылдың 20 тамызында Томсктан Мәскеуге ұшу кезінде өзін нашар сезініп, содан кейін ұшақ Омбыға шұғыл қонды және Навальный жергілікті ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған метаболикалық бұзылыс диагнозын қойды, бұл қандағы қанттың кенеттен өзгеруіне әкелген жағдай. Кейін Навальныйды Германияға емдеуге апарғанда неміс дәрігерлері оның «Новичок» токсиндер тобына жататын зат пен уланғаны туралы хабарлаған болатын.