English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Аида Балаева: Мәдени ынтымақтастық – рухани жақындастықтың алтын көпірі
20:39 / 2025-11-14

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Өзбекстанмен мәдени-гуманитарлық байланыстар бүгінде шынайы достық пен сенімді көршілікке негізделе отырып қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан ортақ тарих, ұқсас тілдік-мәдени дәстүрлер және бауырластық құндылықтар екі ел халықтарының байланысын бұрынғыдан да нығайтып отыр.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жүргізіп отырған сарабдал саясат мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Стратегиялық серіктестік туралы келісім, Мемлекет басшылары арасындағы ашық диалог пен өзара қолдауға негізделген бастамалар – екі халық арасындағы айрықша жақындықтың айқын дәлелі. Кейінгі жылдары тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан мәдениеті күндері», «Өзбекстан мәдениеті күндері», түрлі өнер фестивальдері, көркем көрмелер мен театр алмасулары халықтар арасындағы рухани үндестікті бұрынғыдан да тереңдетіп отыр. Ал жас таланттарға арналған бірлескен бағдарламалар жаңа шығармашыл буынның қалыптасуына серпін беруде, – деді министр.

Аида Балаева екі елдің халық музыкасы, фольклорлық мұралары мен ауыз әдебиетіндегі үндестікті ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет – тек өнер алмасудың алаңы емес, болашақ ұрпақтарды өзара жақындатып, сенім мен достық көпірін берік ететін қуатты құрал. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ықпалдастық Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуіне де үлес қосатын маңызды факторға айналды.

Министр аймақтық форумдар, жастарға арналған бастамалар, тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі жобаларды ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісі ретінде бағалады. Ол кино, театр, әдебиет және музыка бағыттарында жаңа платформалар құру қажеттігін айта келе, мәдениет арқылы қалыптасқан достық – бүгінгі буын мен болашақ ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра боларына сенім білдірді.