«Аэровокзал, теміржол және автобус вокзалдарда қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған қосымша шаралар туралы» Үкімет қаулысы қабылданды.
Қаулыға сәйкес келесі ережелер бекітілді:
- Әуежайлардың аэровокзал кешендерінде және вокзал алдындағы аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі туралы;
- Теміржол вокзалдарында (станцияларда) жолаушылар мен келушілердің қол жүгі мен багажын тексеру тәртібі, олардың теміржол вокзалдарында (станцияларда) болу тәртібі туралы;
- Автовокзалдарда (автостанцияларда) жолаушылар мен келушілердің қол жүгі мен багажын тексеру, олардың автовокзалдарда (автостанцияларда) болу тәртібі туралы.
Қаулымен бекітілген ережеге сәйкес:
Аэровокзал кешені ғимараттарының кіреберістерінің маңына келіп тоқтау үшін тек бағытсыз және бағытты таксилер ғана тоқтауға рұқсат беріледі, жеке автокөліктер мен қоғамдық көліктер жолаушыларды және келушілерді күтіп алу және әкелуге арналған автотұрақ пен тұрақ орындарына бағытталады.
Эстакададан пайдалану үшін жолаушы тасушы көліктерге де рұқсат беріледі. Жеңіл көліктерге эстакадада 5 минутқа дейін, автобустар мен шағын автобустарға 10 минутқа дейін тұруға рұқсат етілген.
Автокөлік құралдарының барлық түрлері аэровокзал кешендерінің шекарасынан 30 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады.
Теміржол вокзалдарында тіркелу уақыты жолаушылардың пойызға кешігіп келуіне жағдай жасамауы керек. Бұл ретте тексеру уақытын қысқарту мақсатында қарау тәртібін оңайлатуға жол берілмейді.