Шанхайда өтіп жатқан Қытайдың 7-ші Халықаралық импорт көрмесіне қатысқан Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов Қытай Мемлекеттік Кеңесінің Премьер-Министрі Ли Цянмен кездесті.
«China Daily» басылымы осы кездесу жайлы ақпарат жариялады.
Өзара қарым-қатынастар жайлы сөз еткен Қытай Мемлекеттік Кеңесінің Премьер-Министрі екі ел басшыларының биылдың өзінде екі рет кездескенін, Қытай мен Өзбекстанның ортақ болашаққа ұмтылу қоғамдастығын құру туралы маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті.
– Қытай Өзбекстанмен қол жеткізілген өзара түсіністі нақты іс-қимыл мен ынтымақтастық нәтижелеріне айналдырып, халықтарымызға көбірек пайда әкелуге күш салады, – деді Ли Цян. – Елдеріміз қарым-қатынастарға әрдайым стратегиялық, ұзақ мерзімді көзқараспен қарауы, бір-бірінің негізгі мүдделері мен алаңдаушылықтарына қатысты мәселелерде серіктесін қолдауы, сенімді дос және серіктес болуы тиіс. Елдеріміздің даму стратегияларын одан әрі үйлестіріп, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, байланыс инфрақұрылымының құрылысын күшейтуі, Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолын «Бір белдеу, бір жол» аясындағы ең маңызды жобаға айналдыруы қажет. Сондай-ақ, бұл үдерісте жаңа энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект, трансшекаралық электрондық сауда, 5G және жасыл кен өндіру сияқты дамушы салалардағы серіктестік әлеуетін пайдалану өте маңызды.
Кездесу барысында Қытай тарапы Өзбекстанмен мәдениет, білім, туризм және кедейлікті азайту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізген.
Өз кезегінде, Үкімет басшысы Қытайдың жетістіктері мен әлемдік деңгейдегі ықпалының артып келе жатқанын жоғары бағалап, бұл даму әлем жұртшылығы үшін пайдалы екенін атап өткен.
– Өзбекстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдайды және сауда, инвестиция, энергетика, өндіріс, байланыс, кадрлар алмасу, көлік және логистика салаларында нақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын, – деді А. Арипов.
Сонымен қатар, Өзбекстан Премьер-Министрі «үш зұлым күш» – терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы бірлесіп күресуді, еліміздің Өзбекстан – Қытай қарым-қатынастарын дамыту үшін ШЫҰ және «Қытай – Орталық Азия» механизмі аясында байланыстарды үйлестіру мен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтқан.