2021 жылы 22 қаңтарда Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Өзбекстан Президентінің экономикалық даму, тиімді басқару және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Сума Чакрабартимен кездесті.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, тараптар Президент Шавкат Мирзияевтің бастамаларын іске асыру және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын біртіндеп арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды талқылады.
СІМ басшысы елдің сыртқы саясатының басты басымдығы Орталық Азия елдерімен достық және сындарлы қатынастарды нығайту екенін атап өткен.
«Өзбекстанның саясаты аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, маңызды аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуге, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ тараптар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, экономикалық дипломатияны ілгерілету және аймақтық сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша қойылған міндеттерді бірлесіп орындауға дайын екендіктерін білдірген.