2022 жылғы 3 наурызда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.
СІМ мәліметінше, тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, гидроэнергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы Өзбекстан - Қазақстан одақтастық қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесуде жоғары деңгейдегі кездесулер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды дер кезінде және толық жүзеге асыру маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде (1992 жылғы 23 қараша) өтетін іс-шаралардың кестесі қаралып, халықаралық күн тәртібі туралы пікір алмасылды.
Еске сала кетсек, Мұхтар Тілеуберді 3-4 наурызда Ташкентте «БҰҰ-ның терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары аясында Орталық Азия мемлекеттерінің өңірлік ынтымақтастығы» атты халықаралық конференцияға қатысу үшін Ташкент қаласына келген.