Кабулға жұмыс сапарымен барған Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловты Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғани қабылдады.
Өзбекстан СІМ мәліметінше, министр Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғаниға жолдаған хатын тапсырды.
Кездесу барысында тараптар өзбек-ауған көпжақты қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылап, ынтымақтастықтың барлық бағыттар бойынша өзара тиімді тығыз байланыстарды одан әрі тереңдету жөніндегі өзара міндеттемелерге сенімділік танытты.
Президент Ашраф Ғани бауырлас ауған халқының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевке Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде және ел экономикасын қалпына келтіруде жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
Ауғанаралық саяси келіссөздердің елде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатудағы маңызды рөлі айтылды және келіссөздер барысында екі тараптың күн тәртібіндегі басқа мәселелер де сөз болды.