Абдулазиз Камилов Ауғанстан Жоғары ұлттық келісім кеңесінің төрағасымен кездесті
2020 жыл 11 қарашада Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Ауғанстан Ислам Республикасы Жоғары ұлттық келісім кеңесінің төрағасы Абдулла Абдулламен кездесті.
Өзбекстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар әр түрлі саладағы көп қырлы өзбек-ауған қатынастарының жай-күйін және оларды одан әрі жандандырудың перспективаларын талқылады.
Тараптар Ауғанстанда тұрақты бейбітшілік орнату және аймақтық қауіпсіздіктің маңызды аспектілері туралы пікір алмасып, көлік, логистика, энергетика, сауда және білім беру салаларында инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру арқылы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударған.
Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін елдің Орталық Азиядағы интеграциялық процестерге қатысуын жеделдету маңызды екендігі атап өтілді.