Ежелден өзбек-қазақ бауырластығы тамырын тереңге жайған, тарихы ортақ, тағдыры ұқсас екі халықты бірлік пен өзара сыйластық сезімі тоғыстырып келеді. Бұл туыстық байланыс ғасырлар бойы мәдениетте, әдебиетте, тұрмыста және салт-дәстүрде айқын көрініс тапқан.
Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстары жаңа биік белеске көтерілді. Екі туыс халықтың әлеуметтік-саяси, мәдени-ағартушылық және әдеби қарым-қатынасы бұрынғыдан да тереңдеп, рухани жақындасуы нығая түсті. Ортақ тарих пен құндылықтарды дәріптеу, бір-бірінің мәдени мұрасына құрмет көрсету, бірлескен жобалар мен шаралар өткізу – бүгінгі бауырлас елдердің ынтымағын одан әрі бекемдей түсуде.
Осыған орай, Өзбекстан Республикасының Президенті 2018 жылғы 13 наурызда қабылдаған «Ұлы қазақ ақыны әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу және насихаттау туралы» қаулысы осы бағыттағы жұмыстарға тың серпін беріп, мәдени байланыстарға жаңа дем қосты.
Атаулы қаулы аясында ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойына орай Өзбекстан астанасында бірқатар тағылымды мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастаманы Өзбекстанның Ұлтаралық қатынастар және шетелдегі отандастар мәселелері жөніндегі комитеті, Мәдениет министрлігі, Өзбекстан Жазушылар одағы, Олий Мажлис жанындағы Азаматтық қоғам институттарын қолдау қоғамдық қоры және Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы бірлесе жүзеге асырды.
[gallery-24691]
Мерейтойлық бағдарламалар Ташкенттегі Абай Құнанбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, екі халық арасындағы рухани сабақтастық пен өзара құрметтің айқын белгісіне айналды.
Өзбекстан Жазушылар одағында өткен «Абай - қазақ және өзбек халықтарының сүйікті ақыны» атты халықаралық конференцияда бауырлас елдердің белгілі ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессорлары мен әдебиеттанушы мамандары ойшылдың өнегелі өмірі мен қоғамдық қызметін кеңінен талқылады. Жиында Абай шығармашылығының адамгершілік пен ізгілікке үндейтін, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін мәні ерекше аталып өтті. Сонымен қатар, екі халықтың да ұлы қаламгердің туындыларын сүйіспеншілікпен оқитыны, оның шығармалары халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға қызмет етіп келе жатқаны айтылды.
Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған осы күнгі Өзбек ұлттық академиялық драма театрында мәдени-ағартушылық кеш пен мерекелік концерт көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде өзбек және қазақ ұлтының әйгілі өнер шеберлері өнер көрсетіп, әсем әндері мен жүрек тебірентер жырлары арқылы бауырлас елдердің мәдени бірлігін айқындай түсті.
Бұл мерейтой тек бір ақынның шығармашылығын ұлықтау ғана емес, ғасырлар бойы бір-бірімен тағдырлас, рухтас келген екі халықтың достығы мен мәдени байланысының мәңгілік екенінің көрсетті.
суреттерді түсірген Н.Хайдаров, ӨзА