Ақтауда Әбіш Кекілбайұлына ескерткіш қойылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға жұмыс сапарымен болып, ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты
Маңғыстауға жұмыс сапарымен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың халық жазушысы, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" сайты.
«Маңғыстау – жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер атанғаны баршаға мәлім. Ертеде осы өңірден Еуропа мен таяу шығысқа Ұлы Жібек жолы жалғасқанын білеміз. Бұл өлке Каспий теңізі арқылы елімізді 4 мемлекетпен байланыстырып тұр. Тоғыз жолдың торабындағы облыс қай жағынан алсақ та маңызы зор аймақ. Мәдени жәдігерлері мол, осы өңірді аспан астындағы мұражай деуге болады. Бұл - пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата бабаларымыз өмір сүрген жер. Маңғыстау - 362 әулиенің мекені. Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен», деп Әбіш ағаға ризашылығын білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, қазақтың маңдайы деп атады. Әбіш Кекілбаев - «Қазақстанның еңбек ері» атағын алған тұңғыш қаламгер»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақтау қаласындағы 19А шағынауданда бой көтерген ескерткіштің авторы - мүсінші, суретші Көшер Байғазиев.
Ескерткіш қоладан тұрғызылған. Биіктігі – 3,5 метр. Салмағы - 3,5 тонна. Мүсін тұғырының биікті – 2,4 метр.
Биыл қазақ әдебиетініңң алып бәйтерегі Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, абыздың туып-өскен жері Маңғыстауда мерейтой халықаралық деңгейде тойланбақ.