АҚШ-та TikTok және WeChat қосымшасын жүктеуге тыйым салынды
Трамптың жарлығына сәйкес, 20 қыркүйектен бастап АҚШ-та қытайлық TikTok және WeChat бағдарламаларын пайдалануды шектеу заңы өз күшіне енеді
АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығына сәйкес, 20 қыркүйектен бастап АҚШ-та қытайлық TikTok және WeChat бағдарламаларын пайдалануды шектеу заңы өз күшіне енеді.
АҚШ Сауда министрлігінің хабарлауынша, 20 қыркүйектен бастап WeChat және TikTok мобильді қосымшаларын АҚШ-та таратуға және оларды интернет-дүкендер арқылы жаңартуға тыйым салынаған.
Бұдан бөлек, осы күннен бастап АҚШ-та WeChat бағдарламасы арқылы ақша аударымдары мен төлемдері үшін кез-келген қызмет түрі жұмыс жасамайды.
АҚШ үкімет қолданушыларды телефондардан қосымшаларды алып тастауға мәжбүрлемейді, бірақ Apple және Google қытайлық қосымшаларды бүкіл елдегі платформаларынан алып тастауға мәжбүр болады. Егер TikTok Вашингтонмен активтерді бөлісу туралы келісімге қол жеткізсе, АҚШ-та қосымша бұғатталмайтыны айтылған.
Дональд Трамп 6 тамызда АҚШ-тағы TikTok-ты бұғаттау туралы жарлыққа қол қойды. Онда, егер қызметтің АҚШ-тағы сегментін американдық компанияға сатпайтын болса, TikTok құжатқа қол қойылғаннан 40 күн өткен соң АҚШ-та бұғатталуы керек еді. Осылайша, Дональд Трамп ByteDance-ке келісімшартқа қол қоюға 20 қыркүйекке дейін уақыт берді. Трамп сонымен бірге WeChat-ты дәл сол күні блоктауға тапсырма берген.
Кейінірек, 14 тамызда Трамп жаңа жарлыққа қол қойды. Жаңа жарлыққа сәйкес, TikTok американдық компанияға 90 күн ішінде яғни 12 қарашаға дейін сату келісімін жасау керек.