ÁMEN анимациялық фильмдер фестиваліне түркі елдері қатысады
Биыл ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі онлайн форматта өтеді
30-31 қазан күндері ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі онлайн форматта өтеді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" тілшісі
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан бұл кинофестивал онлайн форматта өтетін болып онда, «Бұл байқаудың ерекшелігі – өнер додасының халықаралық деңгейге көтерілуі, шараға түркі елдерінің, атап айтқанда, Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан өкілдері де қатысады. Бұл жолы фестивальге 40-тан аса жұмыс ұсынылды», - дейді ұйымдастырушылар.
Өткен жылы атаулы фестиваль қоржынына 80-нен астам өтінім түсіп, байқауға 51 жұмыс іріктеп алынған еді. Нәтижесінде 7 жеңімпаз анықталып, 5 жоба арнайы жүлдемен марапатталған.
Ай соңына белгіленген байқауға 2019-2020 жылдары түсірілген анимациялық фильмдер, студенттік анимациялық жұмыстар және комикстер сынға түседі. Оған өтінім білдірген барлық суретші-мультипликаторлар қатыса алады.
Шара аясында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қатысуымен «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» және «Түркітілдес елдердің анимациялық киноөнерінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстелдер және «Қазақстан: табиғат және адам» атты комикстер көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының атсалысуымен отандық және шетелдік озық мультипликаторлардың мастер-кластары мен тренингтер өтізу жоспраланған.
Бұдан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен қазақ анимациялық фильмдері ретроспективасы, яғни 1960-2020 жылдар аралығында жарық көрген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Қаңбақ шал», «Жошы хан», «Толағай», «Мұзбалақ» сынды 30-дан аса мультфильм көрсетіледі.
Шара барысында Қазақстан және Түркия мемлекеттерінің толықметрлі фильмдері де көрсетіледі. Айрықша атап өтерлігі, режиссер Қасиет Сақиолланың «Махамбет» мультфильмі тұңғыш рет халықаралық деңгейде көпшілік назарына ұсынылмақ.
Кинофестиваль Youtube және Facebook желісіндегі ресми парақшаларда көрсетіледі.
Кинофестиваль ұйымдастырушылары – «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы.