Америкада 9 жасар бала мектепті мерзімінен бұрын бітіріп, тарихтағы ең жас түлектердің бірі болды.
Complex басылымының дерегінше, Дэвид Балогун үйінің жанындағы Reach кибер мектебін бітірген. Ұстаздардың айтуынша, бала бағдарламалауға көбірек қызығушылық танытқан. Түлектің өзі қара тесіктер мен өте жаңа жұлдыздарды зерттеу үшін астрофизик болуды қалайды.
«Ол тоғыз жасар бала, бірақ оның миы әлемнің көптеген ұғымдарын түсінуге қабілетті», - дейді Дэвидтің анасы.
Сонымен қатар, Балогун жекпе-жектен қара белбеу иегері болу үшін жаттығады және бос уақытында пианинода ойнағанды ұнатады. Мектепті бітіргеннен кейін бала тіпті жергілікті колледжде бір семестрді тәмәмдаған.
Oldest.org сайтының хабарлауынша, әлемде 9 жасында мектеп бітірген тағы екі бала бар. Балогуннан да ертерек Майкл Кирни атты бала 1990 жылы 6 жаста мектепті аяқтап, ең жас мектеп түлегі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.