2045 жылға дейін энергияға сұраныс 23 пайызға артады
Жаһандық энергия сұранысы 2045 жылға қарай тәулігіне 359 миллион баррельге жетеді немесе 23 пайызға артады. 2022 жылы дәл осындай көрсеткіш тәулігіне 291 миллион баррельді құрады.
ОПЕК-тің ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, энергия өнімдеріне сұраныс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кірмейтін елдер есебінен артады. Мысалы, өсімнің шамамен 28 пайызы тек Үндістанның үлесіне тиесілі.
ЭЫДҰ елдерінде энергия ресурстарына сұраныс төмендейді.
Әлемдік энергия балансындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2045 жылға қарай 11,7 пайызға артады деген болжам бар. 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2,7 пайызды құраған.
ОПЕК сарапшылары мұнайға сұраныстың одан әрі арта түсетінін айтады. Сондықтан қара алтын 2045 жылға дейін ең қажетті өнімдердің қатарында қалады. Яғни, бұл жалпы энергетикалық тауарлардың 29,5 пайызын құрайды.