Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
2026 жылы жалақы, зейнетақы және жәрдемақыларды арттыруға 6 триллион сум бөлінеді
11:50 / 2025-12-02

Халықтың нақты табысын өсіру мақсатында алдағы жылдары мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, зейнетақы мен жәрдемақылар көлемі жылдық инфляциядан жоғары мөлшерде ұлғайтылатын болады. Болжам бойынша, 2026 жылы елдегі инфляция деңгейі шамамен 7 пайыз мөлшерінде қалыптасады.

Осыған орай Экономика және қаржы министрлігі 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы заң жобасын жариялады. Құжатта бірқатар экономикалық көрсеткіштер қамтылған.

Заң жобасында келесі жылы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы, зейнетақы, стипендия және жәрдемақыларды көбейту үшін бюджеттен 6 триллион сум бөлінетіні көрсетілген. Бұл сомаға бірқатар қызмет түрлері бағасының қымбаттауы және қосымша жұмыс орындарын ашуға кететін шығындар да кіреді.

Министрлік мәліметіне қарағанда, елде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 1 пайызға артса, бюджеттен қосымша 1 триллион 697 миллиард сум бөлу қажет. Ал зейнетақыны 1 пайызға көтеру үшін 832 миллиард сум қосымша шығын талап етіледі.

2026 жылы мемлекеттік бюджет шығыстарының негізгі бөлігін жалақы төлемдері құрайды. Осы мақсатқа 172,8 триллион сум бөлінуі жоспарланған. Бұл — 2025 жылға бекітілген көрсеткіштен 18,5 триллион сумға артық. Келер жылы жалақы төлемдері жалпы бюджет шығыстарының 42,9 пайызы, ал жалпы ішкі өнімнің 8,7 пайызы көлемінде болуы күтіліп отыр.

Сонымен қатар, 2026 жылы стипендияларға 2,2 триллион сум төленеді. Зейнетақы төлемдеріне 86,1 триллион сум, ал жәрдемақыларға 14 триллион сумнан астам қаражат бөлінбек.

Бұған дейін жарияланған Фискалдық стратегияға сәйкес, 2026 жылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, зейнетақысы және жәрдемақылары кемінде 6–7 пайызға өсетіні айтылған еді. Сондай-ақ келесі жылға арналған мемлекеттік органдардың бюджет көлемі де жария етілген болатын.