2026 жылдан бастап «Ташкент – Хиуа» бағыты бойынша жоғары жылдамдықты пойыздар қозғалысы жолға қойылады.
Бұл жоба Хорезм өңірінің көлік әлеуетін арттырып, аймақтың ел ішіндегі және халықаралық логистикалық байланысын жаңа деңгейге көтермек. Соның нәтижесінде облыста теміржол арқылы жолаушы тасымалдау көлемі 500 мыңнан 3,3 миллион адамға, ал жүк тасымалы 1 миллион тоннадан 6 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Аталған жоба аясында 2024 жылдың маусым айында Оңтүстік Кореяның Hyundai Rotem компаниясы мен «Өзбекстан темір жолдары» арасында жаңа буындағы жүрдек пойыздарды сатып алу және жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойылған болатын. Қазіргі таңда «Жалалиддин Мангуберді» деп аталған жоғары жылдамдықты пойыздардың алғашқы партиясы Оңтүстік Кореядан Өзбекстанға жөнелтілді.

Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында арнайы Өзбекстан үшін шығарылған Hyundai Rotem жүрдек пойыздарының алғашқы легі Масан портынан ресми түрде жолға шығып, жақын күндері ел аумағына жеткізіледі.
— Биыл құны 325 миллион долларды құрайтын «Бухара – Үргеніш – Хиуа» теміржол желісін электрлендіру жобасы толық аяқталды, — дейді «Теміржолинфрақұрылым» акционерлік қоғамының «Қоңырат аймақтық теміржол торабы» филиалының Хорезм өңірі бойынша басшысы Жахонгир Яқубов. — Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 959 шақырымға қорғаныш тосқауылдары орнатылып, жүрдек пойыздың кедергісіз қозғалысы үшін теміржол желілері толық жаңғыртудан өтті.

Айта кету керек, бұрын Ташкенттен Хиуаға 14 сағатта жететін кәдімгі пойызбен салыстырғанда, жаңа іске қосылатын «Жалалиддин Мангуберді» жүрдек пойызы бұл қашықтықты бар-жоғы 7 сағат 40 минутта еңсереді.

Бұл жоба елдегі көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың жарқын көрінісі болып отыр. Жүрдек пойыздың іске қосылуы ішкі туризмді дамытуға, өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және халықтың уақытын үнемдеуге тың серпін береді. Сонымен қатар, Ташкент–Хиуа бағыты Орталық Азиядағы ең заманауи теміржол маршруттарының біріне айналмақ.
суреттерді түсірген Б.Саидов, ӨзА