2025 жылы алғаш рет Бұхара биенналесі өтеді деп күтілуде. Бұл Орталық Азияда ең маңызды мәдени бастама саналады. Айтулы бірегей шара әлемнің түкпір-түкпірінен суретшілер мен шеберлерді шығармашылық, пікір алмасу және диалог үшін жинамақ.
Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қорының хабарлауынша, биеннале келесі жылдың 5 қыркүйегінде басталады.
Диана Кэмпбелл жетекшілік ететін биеннале аясында «Жараланған жүрекке шипа» көрмесі өткізіледі. Ол аспаздық, бейнелеу өнері, тоқыма, қолөнер, музыка, би және сәулет өнерін қамтиды. Іс-шарада өзбек суретшілері мен қолөнершілерінің туындылары көрсетіліп, халықаралық деңгейде танылған шеберлермен ынтымақтастық орнатылады.

– Бұхараның тарихи орталығы және оның сәулеттік көрнекті орындары ғасырлар бойы бірегейлік жасау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен өнертабыстарды қабылдаған қала. Биеннале аясында Өзбекстаннан және басқа елдерден келушілер осы тамаша жердің тарихы мен мәдениетімен танысады, – дейді шараның шығармашылық директоры және жаңартылған тарихи ауданның сәулетшісі Ваэль Әл Авар.

Алғашқы биеннале Файзулла Хожаев үй-музейінде, «Мир Араб» медресесінде, «Магоки Аттори» мешітінде, Минораи Калон және Олимжон керуен сарайында өтеді деп жоспарланған.
Бұхара биенналесінің комиссары, Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қорының төрайымы Гаянэ Умерова: «Біз бүкіл әлемнен шығармашылық иелерін, ойшылдар мен қонақтарды Өзбекстанға шақырып, осындағы мәдениет пен мәдени мұраны таныстырғанымыздан қуаныштымыз. Қордың өзбек суретшілері, дизайнерлері мен қолөнершілерінің туындыларын шетелде насихаттау жұмыстарына негізделе отырып, алғаш рет ірі халықаралық биенналені өткізетінімізді мақтан тұтамыз», — деді.

Атап өтсек, бұл бастама Өзбекстанның мәдениеті мен өнерін насихаттаумен айналысатын Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.