Өзбекстан Республикасының тауар-шикізат биржасының мәліметінше, 2024 жылы биржа саудалары арқылы 2 912,1 келі алтын мен күміс сатылған.
Атап айтқанда, 2 535,1 келі алтын биржа арқылы сатылып, оның 1 грамының орташа бағасы 977,5 мың сумды құрады. Ал күмістің сауда көлемі 377 келіге тең болып, 1 грамының орташа бағасы 11 325,2 сумды құрады.
Биылғы жылдың алғашқы айында кәсіпкерлер биржа арқылы 195,7 келі алтын сатып алды. Қаңтар айында 1 грамм алтынның орташа бағасы 1 122,2 мың сумға жетіп, бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары болды.
Қымбат бағалы металдардың бастапқы бағасы Өзбекстан Республикасының Орталық банкінің биржа келісімі жасалған күнгі бағамына сәйкес, Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының соңғы таңғы тіркелген бағасы негізінде белгіленеді.
Қазіргі уақытта Лондон нарығында алтынның 1 унциясы 2 931,9 АҚШ долларына бағалануда.
Биржа нарығында «Алмалық КМК» АҚ және «Науаи КМК» АҚ бағалы металдарды сатушы компаниялар ретінде қатысып отыр. Негізгі сатып алушылар – өнеркәсіптік өңдеу қуаты бар кәсіпорындар мен зергерлік бұйымдар өндірушілер.
«УзРТХБ» АҚ ақпарат қызметінің мәліметінше, троя унциясы бағалы металдар саудасында негізгі өлшем бірлігі ретінде пайдаланылады. Бір троя унциясы 31,1 граммға тең.