2024 жылы бүкіл Қазақстанда 5G қолжетімді болады. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан 5G желісімен қамтылған.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлімдеген.
«Қазіргі уақытта 5G технологиясы бірнеше қалада ілкі режимде іске қосылған. Биыл аукцион өткіземіз. Сол аукционда бірнеше локацияны қамту міндеттемесі болады. 5G-дің қазіргі нұсқасы бүкіл елді мекенді толықтай қамтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бүгінде операторлармен локация бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деген Асхат Оразбек Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Цифрлық Қазақстанға бетбұрыс» атты халықаралық форум аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан 5G желісімен қамтылған.
«5G енгізу трафик тұтынудың шамадан тыс өсімімен қатар 4.0 индустриясының, ақпараттық технологиялардың, ақылды үйлердің дамуына алып келетіндігін түсінеміз. Әрине, бұл жасалуы тиіс тренд болып тұр. Оны операторлармен бірге жасаймыз. Мұны қалай жасау қажеттігіне қатысты нақты ұстанымыз бар», - деген вице-министр.
Асхат Оразбектің мәліметінше, 2024 жылы 5G қолжетімді болады. «Меніңше, алдағы екі жылдың ішінде тұрғындар республика аумағында 5G желісінің қолжетімділігін сезеді», - деген ол.