Ташкент метрополитенінің кеңеюіне байланысты 2022 жылы Ресейден тағы 14 пойыз әкелінбек.
Метрополитен әкімшілігінің мәлімдеуінше, 2020 жылы Ташкент метросының орташа тәуліктік жолаушылар тасымалы 250-300 мың адамды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 380-420 мың жолаушыға жетті.
Қазірде жолаушылар ағымы ең көп уақытта пойыздар арасындағы аралық «Чиланзар» бағытында 3 минут, «Өзбекстан» бағытында 4 минут, «Юнусабад» бағытында 7 минутты құрайды. Метрополитенінің кеңеюіне байланысты жолаушылар саны күн санап артып келеді, осыған орай, метро станцияларында «кептелісті» болдырмау мақсатында 2022 жылы тағы 14 пойыз сатып алу жоспарлануда.
Бұған дейін Ташкент метрополитені өткен мерзімде бірқатар жұмыстар атқарды. «Ташкент метрополитені» мемлекеттік унитарлық кәсіпорны станцияларда жолаушылардың шамадан тыс көп жиналуын болдырмау және жолаушыларға қолайлылық жасау мақсатында 15 жылжымалы құрам, атап айтқанда ресейлік «Метровагонмаш» компаниясынан 60 заманауи вагон жеткізілген болатын.