2023 жыл 11 қаңтардан бастап Өзбекстандағы жоғары оқу орындары, техникум, колледж және лицейлерде оқу басталатын болды.
Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің хабарлауынша, Министрлер Кабинетiнiң тиiстi мәлiмдемесiмен жоғары оқу орындары, техникум, колледж, кәсiптiк лицей және академиялық лицейлерде оқу процесiн жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарымен келiсе отырып ұйымдастыру ұсынылды.
Осы процестерді белгіленген тәртіпте жүргізу үшін әрбір білім ордасында күндіз-түні жұмыс істейтін білікті мамандардан тұратын «Штаб» құрылады. Аномалды суық болады деп күтілген 10-18 қаңтар күндері барлық білім беру ұйымдарындакез келген жиналыстарды (соның ішінде ZOOM), іс-шаралар басшыларды негізгі қызметінен алшақтататын басқа да кездесулерді өткізуге тыйым салынады.
«Білім беру ұйымдарының және тиісті жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары студенттерді хабардар етеді, олардың жоғары оқу орындарына келуін қамтамасыз етеді және бұл үдерістерді жеке бақылайды. Оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда облыстың мүмкіндіктері, қолайсыз ауа райы жағдайында студенттердің жоғары оқу орындарына келуі толық ескеріліп, бұл үшін қажетті жағдай жасалуы тапсырылды», делінген хабарламада.
Оқу процесін ұйымдастыруда қажет болған жағдайда оқу кестесіне өзгерістер енгізуге рұқсат етілген және студенттерге емтиханға 20 қаңтарға дейін дайындалу ұсынылған.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты оқуға келе алмаған студенттерге оқу процесін бастау және бақылау емтихандарына дайындалу үшін тиісті қашықтан бағдарламалар ұсынылады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 5 қаңтарда Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі жоғары және кәсіптік оқу орындары мен академиялық лицей студенттерінің қысқы демалысы 18 қаңтарға дейін ұзартылғанын мәлімдеген болатын.