Асқар Умаров: «ӨзА қазақ тілінде ақпарат таратуы екі елдің бауырластығын арттыра түседі»
Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігі веб-сайты қазақ тілді нұсқасын іске қосуына байланысты, Өзбекстан және Қазақстандағы болып жатқан өзгерістер жөніндегі жаңалықтар бойынша жедел және объективті ақпарат таратуға мүмкіндік береді.
Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігі веб-сайты қазақ тілді нұсқасын іске қосуына байланысты, Өзбекстан және Қазақстандағы болып жатқан өзгерістер жөніндегі жаңалықтар бойынша жедел және объективті ақпарат таратуға мүмкіндік береді.
Аталған жаңалыққа байланысты Қазақстанның «Kazinform» Халқаралық ақпараттық агенттігі Бас директоры Асқар Умаров өз ойымен бөлісті:
- Бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары нығая бастады. Әсіресе былтырғы Наурыз мерекесі қарсаңындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға сапары мемлекетаралық әріптестікке жаңа серпін берді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавхат Мирзиеевтың кездесуінің нәтижесінде барлық салалар бойынша ынтымақтастық деңгейі артқанын байқап отырмыз. Сондай ынтымақтастықтың тағы бір көрінісі - ақпарат саласындағы әріптестік.
«ӨзА» ұлттық ақпарат агенттігінің қазақ тілінде хабар таратуды қолға алуы біз үшін де маңызы оқиға болып отыр. Бұл екі елдің бауырластығын, достық ниетін білдіреді. Өзбекстанның жетекші ақпарат агенттігінің қазақ тілінде жаңалықтар жариялауы осы елде тұрып жатқан қазақтардың тілі мен мәдениетінің дамуына жасалып жатқан жағдай. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш мемлекеттік сапары қарсаңындағы мұндай игі қадамды қазақстандық зиялы қауым үлкен ризашылықпен қабылдайды деген пікірдемін.
Өз кезегінде «Kazinform» Халықаралық ақпарат агенттігі де алдағы уақытта өзбек тілінде жаңалықтар таратуды қарастырады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Қазақстан мен Өзбекстан әрдайым бірге болады» деген еді. Ақпарат саласындағы осындай қадамдар тарихы ортақ, тамыры бір халықтардың ынтымағының артуына ықпал ететініне сенімдіміз.