Қазақстанда 5 шілдеден бастап қатаң карантиндік шаралар енгізіледі
Карантиндік шектеулер елдегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы уақытта қалай өзгеретініне байланысты 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін екені айтылған
Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары бойынша 5 шілдеден бастап 14 күндік шектеу шаралары қабылданған.
«Рrimeminister.kz» сайтында жарияланған ақпаратқа бүгін ел Үкімет басшысының төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шараларын енгізу бойынша ұсынылатын шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой баяндаған.
Осыған байланысты алдағы 14 күндік шектеу шаралары аясында көптеген іс-шараларға тыйым салынады, адамдардың қозғалысы шектеліп, көшелер мен аллеяда 3 адамнан артық бірге жүруге рұқсат етілмейді, ал 65 жастан асқандарға сыртқа шығуға тыйым салынады.
Халықаралық әуе қатынасында елдер тізімін көбейтпей барынша қауіпсіздікті сақтау және өңірлер арасындағы әуе қатынасын, темір жол қатынасы сақталып, автобустар қозғалысы шектеледі.
Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режиміне өтсе, медицина орталықтар, дәріханалар, азық-түлік дүкендері мен ашық базарлардың қызметі жалғасады.
Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және т. б. нысандары жұмысы тоқтатылады.
Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары, үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс жұмыстары, өнеркәсіп кәсіпорындары, халыққа қызмет көрсету салалары, ауыл шаруашылығы сынды күнделікті қажетті деп табылған нысандардың қызметіне шектеу қойылмайды.
Карантиндік шектеулер елдегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы уақытта қалай өзгеретініне байланысты 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін екені айтылған.