Өзбекстанда бірыңғай QR-код жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі
Өзбекстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін арттыру, сауда және қызмет көрсету саласына заманауи төлем шешімдерін енгізу, сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындарын азайту мақсатында Бірыңғай ұлттық QR-код жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылады.
Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, жүйенің басты артықшылығы – тұтынушылар қай банктің немесе төлем ұйымының мобильді қосымшасын пайдаланса да, бір ғана QR-кодты сканерлеу арқылы төлем жасай алады. Бұл кәсіпкерлерді әртүрлі QR-кодтар мен жеке төлем шешімдерін қолдану қажеттілігінен босатады.
UzQR елде бірыңғай төлем кеңістігін қалыптастыруға, бәсекелестікті күшейтуге және халыққа қолайлы қызмет көрсетуге бағытталған.
Жүйе арқылы жүргізілетін төлемдер үшін жалпы комиссия мөлшерлемесі 0,65 пайыз болып белгіленді. Бұл комиссия төлем тізбегіне қатысатын барлық ұйымдар арасында олардың нақты қызметі мен шығындарына сәйкес ашық түрде бөлінеді.
Орталық банктің мәліметінше, бүгінде QR-код арқылы төлем қабылдау қызметінің қолданыстағы тарифтері 1–3 пайыз аралығында болса, UzQR жүйесіндегі 0,65 пайыздық тариф нарықтағы орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен.
Тағы бір маңызды жайт, Uzcard және Humo ұлттық төлем жүйелерінің ұлттық емес QR-код шешімдеріне қолданылатын тарифтері 0,3–0,37 пайыз шамасында болса, UzQR жалпыұлттық маңызы бар жоба ретінде бағаланғандықтан, бұл үлес 0,10 пайызға дейін төмендетілген.
Сонымен қатар, жүйенің негізгі қағидаларының бірі – төлем жасаушыдан, яғни тұтынушыдан ешқандай комиссия алынбайды. Белгіленген тарифті тек сауда және қызмет көрсету субъектілері төлейді.
Мамандардың айтуынша, UzQR жүйесі сауда орындарының шығындарын азайтып, төлем қызметтері нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді әрі ұлттық төлем инфрақұрылымының тұрақты дамуына ықпал етеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен тұтынушылардың мүддесі қорғалып, елдегі цифрлық экономиканы дамытуға жаңа серпін беріледі.