Өзбекстанда балық шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беріледі
Президент Шавкат Мирзиёев балық шаруашылығы саласын дамыту және қолдау жөніндегі ұсыныстар бойынша тұсаукесермен танысты.
Балық шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл тұрғындарының табысын арттыруда және су ресурстарын тиімді пайдалануда маңызды бағыттардың бірі саналады. Қазіргі таңда әлемде аквамәдениет қарқынды дамып келеді. Тарихта алғаш рет қолдан өсірілген балық көлемі табиғи су айдындарынан ауланған балық мөлшерінен асып түсті.
Өзбекстанда бұл саланы өркендетуге мүмкіндік мол. Республика аумағында жалпы ұзындығы 173 мың шақырым болатын өзендер мен канал арналары бар. Су ресурстары шектеулі болғанына қарамастан, ел Орталық Азияда балық өсіру көлемі бойынша көш бастап келеді. 2025 жылы республикада 206 мың тонна балық өндірілген.

Соңғы жылдары халық санының артуына байланысты ақуызға бай өнімдерге деген сұраныс та өсіп келеді. Балық – экономикалық тұрғыдан тиімді, диеталық әрі адам денсаулығына пайдалы азық көзі. Осыған байланысты дәстүрлі көл шаруашылығынан суды үнемдейтін, қайта айналымға түсіретін және қарқынды технологияларға негізделген жүйеге көшу қажеттігі атап өтілді.
Таныстырылымда 329 табиғи су айдыны мен су қоймасын, сондай-ақ олардың айналасындағы 163 мың гектар жерді жалға берудің жаңа әрі ашық жүйесін енгізу, қарқынды балық өсіру және асыл тұқымды шаруашылықтарды қажетті көлемде сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қазіргі уақытта қарқынды технологиялар арқылы өндірілетін балық көлемі жалпы өнімнің 20 пайызынан аспайды. Ал мұндай тәсілдер өнімділік пен табысты бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Қолдағы мүмкіндіктер толық пайдаланылса, балық өндірісін бес есеге дейін көбейтуге болады.

Саланы жаңа технологиялармен жаңғырту және кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мақсатында жабық су айналымы жүйелерін орнату шығындарының бір бөлігін өтеу, асыл тұқымды аналық балықтарды импорттауға субсидия бөлу, күн панельдерін орнатуды қолдау және айналым қаражатына берілетін жеңілдетілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін өтеу ұсынылды.
Сондай-ақ балық шаруашылықтарына несие беру және ұлттық әрі шетел валютасындағы қарыздардың пайыздық шығындарын ішінара өтеу тетіктері енгізілмек.
Осы мүмкіндіктердің нәтижесінде алдағы жылы елдегі балық өндірісінің көлемін 500 мың тоннадан асыру міндеті жүктелді.
Таныстырылым барысында асыл тұқымды селекция мен ғылыми зерттеулерге ерекше назар аударылды. Сапалы шабақ пен мықты генетикалық қор жоғары өнімділіктің басты кепілі екені айтылды. Осыған орай тұқы, жайын, форель және бекіре балықтарының тұқымын жақсарту, жаңа тұқымдарды жергілікті климат жағдайына бейімдеу жұмыстары қолға алынбақ.

Келер жылдан бастап тау бөктеріндегі өңірлерде форель мен бекіре өсіретін өндірістік қуаттар құру жоспарланып отыр. Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты үшін Ахангаран өзенінің бойында тәжірибелік-сынақ алаңы ашылады. Сонымен қатар ұлттық тұқы тұқымын шығару мақсатында шетелдік гранттар тарту көзделуде.
Сала үшін білікті мамандар даярлау да маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Осы мақсатта Аграрлық университеттің Ресейдегі Астрахань мемлекеттік техникалық университетімен және Қытайдағы Далянь мұхит университетімен бірлесіп балық шаруашылығы мен аквамәдениет бағытында ортақ факультет ашу ұсынысы қарастырылды.
Балық шаруашылығын цифрландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Су пайдалану жағдайы, жер телімдері, заңсыз балық аулау деректері, салық төлемдері және өндірілген өнім туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай электронды платформаны іске қосу ұсынылды. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы шығындарды азайтып, өнімділікті арттыру мүмкіндігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, саланы қолдау шараларын одан әрі кеңейту қажеттігін айтты.
Жауапты тұлғаларға балық шаруашылығын заманауи технологиялар, ғылыми тәсілдер және тиімді басқару негізінде дамыту, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және халықты қолжетімді әрі сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.