Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері Бұхараның тарихи мұрасымен танысты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен бірге көне Бұхараның әлемге әйгілі тарихи мұралары – «Арк» қамалы, «Пои Калон» ансамблі және «Лаби Хауз» ансамблі кешендерін зиярат етті.
Жоғары мәртебелі мейманға бұл бірегей ескерткіштердің тарихы, сәулеттік ерекшелігі және Шығыс өркениетінің ғылымы мен мәдениетінің дамуындағы орны жайлы жан-жақты мәлімет берілді.

Сапардың алғашқы нысаны – ғасырлар бойы Бұхараның саяси әрі әкімшілік орталығы болған «Арк» қамалы болды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл бекініс ұзақ уақыт бойы кезең-кезеңімен қалыптасып, кейіннен Бұхара әмірлерінің ордасына айналған. Бүгінде ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Бұхара тарихи орталығының басты нышандарының бірі саналады.

Одан кейін Мемлекет басшылары Орта Азиядағы ең айбынды сәулет туындыларының бірі «Пои Калон» ансамбліне барды. 1127 жылы тұрғызылған атақты Калон мұнарасы бұл кешеннің ең көрнекті бөлігі болып, ғасырлар бойы тек сәулет өнерінің жауһары ғана емес, қаланың символына айналған.

Ансамбль құрамына XVI ғасырдың басына жататын Калон мешіті мен Мир Араб медресесі де кіреді. Бұл кешен шайбанилер дәуіріндегі Бұхараның ең көрнекті сәулет жауһарларының бірі саналады.

Көне шаһардың жүрегінде орналасқан «Лаби Хауз» ансамблі де жоғары мәртебелі мейманға ерекше әсер сыйлады. Кешен құрамында «Кукалдош» және «Нәдір Диуан-бегі» медреселері мен ханака бар. Бұл орын ғасырлар бойы жергілікті тұрғындарды, саяхатшылар мен ғалымдарды өзіне тартып келген рухани-мәдени орталық болып, ортағасырлық Бұхараның қайталанбас тынысын бүгінге дейін сақтап келе жатқан бірегей мекен саналады.

Сапар барысында халық қолөнері мен дәстүрлі сәндік өнердің үлгілері де таныстырылып, тарихи ғимараттардағы өрнектердің өзіндік ерекшелігі көрсетілді.


Жоғары мәртебелі мейманға Бұхараның Ұлы Жібек жолындағы ислам өркениетінің ең ірі ғылым, білім және сауда орталықтарының бірі ретіндегі көп ғасырлық тарихы туралы айтылды.


Айта кету керек, Бұхара тек жергілікті халқы үшін ғана емес, күллі аймақ жұрты үшін қасиетті рухани кеңістік болды. Мұнда кезінде қазақ зиялылары мен ағартушыларының көптеген танымал өкілдері білім алған, бұл халықтарымыздың ортақ тарихи-мәдени мұрасының ерекше бір парағын құрайды. Атап айтқанда, қазақ әдебиетінің, руханияты мен қоғамдық ой-санасының дамуына елеулі үлес қосқан атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров және басқалардың есімдері Бұхара медреселерімен байланысты.