Өзбекстан мен Қазақстан арасында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы өтті
Тарих пен тағдыр тоғысқан, талай өркениеттің үнін сақтаған киелі мекен Бұхара қаласында Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис Заң шығарушы палатасы мен Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында делегация жетекшілері өткен жылы Алматы төрінде өткен басқосудан кейінгі атқарылған жұмыстарды саралап, Бұхарадағы кездесуде қаралған мәселелердің мән-маңызына тоқталды.
Отырыс барысында мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастық, сондай-ақ екі ел Президенттері деңгейінде қол жеткізілген тарихи келісімдерді жүзеге асырудағы парламенттердің жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Заң шығарушы биліктің бұл үдерістегі рөлі айрықша екені ерекше атап өтілді.

Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тың серпін алып, жаңа белеске көтерілді. Бұл – Мемлекет басшыларының саяси көрегендігі мен тұрақты диалогының нәтижесі. Бүгінде тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстар мазмұндық тұрғыдан байып, нақты істермен бекемделіп келеді.
Екі ел Президенттері парламентаралық байланыстарды нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Соның нәтижесінде өзара ынтымақтастық жаңа деңгейге – Парламентаралық кеңес форматына көтеріліп, бұл құрылым екіжақты байланыстардың институционалдық тірегіне айналды.
Депутаттар қауымы жоғары деңгейде жасалған келісімдердің заңнамалық негізін нығайтуға ерекше басымдық беруде.

Кеңес отырысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ауыл шаруашылығындағы әріптестікті тереңдету, әлеуметтік-экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар цифрландыру, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастықты дамытуға ерекше назар аударылды.
Жиын барысында парламентаралық ынтымақтастыққа жаңа мазмұн беру, заң шығару ісінде тәжірибе алмасу бағыттары да талқыланды. Бұл – ортақ даму жолындағы өзара үйренудің, бір-бірін толықтырудың айқын үлгісі.
Тараптар ең бастысы – екі ел басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына тұрақты парламенттік бақылау орнатуға уағдаласты.
Осылайша, Бұхара төріндегі басқосу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы бауырластық байланыстарды жаңа мазмұнмен байытып, ортақ мақсаттарға бастайтын сенімді көпірге айналды.