Стэнфорд ғалымдары жасанды интеллект көмегімен бактерияларды жоятын вирустар жасады
Стэнфорд университетінің зерттеушілері жасанды интеллект (ЖИ) моделінің көмегімен ішек таяқшасы (E. coli) бактерияларын жоя алатын жаңа бактериофагтарды әзірледі.
The Guardian басылымының хабарлауынша, ғалымдар бактериофагтарды жобалау үшін күрделі биологиялық мәселелерді шешуге және жаңа ДНҚ тізбектерін ұсынуға қабілетті «Evo 2» генеративті жасанды интеллект моделін пайдаланған.
Зерттеушілер негіз ретінде «FX174» бактериофагын алып, «Evo 2» моделіне осы вирустың жаңа әрі тиімді нұсқаларын жасау тапсырмасын берген. Нәтижесінде жасанды интеллект мыңдаған ықтимал геном үлгісін ұсынған. Ғалымдар олардың ішінен зертханада синтездеу үшін шамамен 300 нұсқаны таңдап, соның тек 16-сы тәжірибе барысында тиімді нәтиже көрсеткен.
Соған қарамастан, осы бактериофагтардың комбинациясы ішек таяқшасының екі түрлі штамына қарсы тиімді әсер еткен. Зерттеушілердің айтуынша, жасалған бактериофагтар ғылымға белгілі табиғи фагтардың ешқайсысына ұқсамайды.
Бұл тәжірибе жасанды интеллект толыққанды функционалды вирус геномдарын жасай алатынын көрсетті. Алайда мұндай тәсілді басқа вирустарға қолдану мүмкіндігі әзірге белгісіз. Сонымен қатар ғалымдар адамға, жануарларға немесе өсімдіктерге зиян келтіруі ықтимал вирустарға қатысты осындай тәжірибелер жүргізбеуге шақырып отыр.
Айта кетейік, «Evo 2» моделі адамдар мен жануарларға жұғуы мүмкін вирустарды есепке алмай, екі миллионнан астам бактериофагтың генетикалық деректері негізінде оқытылған.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект арқылы геномдарды жобалау болашақта жаңа дәрілік препараттарды әзірлеуге ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл зерттеу биологиялық қауіпсіздік пен ықтимал биологиялық қатерлердің алдын алу мәселесін де күн тәртібіне шығарып отыр. Әзірге жасанды интеллект көмегімен вирус геномдарын жасауды қауіпсіз бақылау мен реттеудің толыққанды тетіктері қалыптасқан жоқ.