Өзбекстан мен FAO ынтымақтастығы жаңа бағыттарда жалғасады
Ташкентте азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту мәселелеріне арналған беделді халықаралық іс-шаралар қарсаңында Өзбекстан мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.
Биыл 7–8 қазан күндері Ташкент қаласында «Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігіне арналған халықаралық форум» және Дүниежүзілік мақта күніне орай ірі халықаралық конференция өтеді.

Осы іс-шаралар қарсаңында Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов елге жұмыс сапарымен келген БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Сюй Дунъюймен кездесті. Кездесу барысында жаһандық климат өзгерісінің ауыл шаруашылығына кері әсерін азайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық саланың тұрақтылығын арттыру және қазіргі таңда ерекше назар аударуды қажет ететін басым бағыттар жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ Өзбекстан мен FAO ынтымақтастығы аясында осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жобалардың тиімділігі жоғары бағаланды. Аграрлық саладағы ынтымақтастықты жаңа бағыттарда жүйелі түрде жалғастыру және қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Халықаралық форумға теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы мемлекеттердің, халықаралық қаржы ұйымдарының, ғылыми орта, шетелдік сарапшылар мен жеке сектордың жоғары лауазымды өкілдері қатысады деп күтілуде. Іс-шара барысында азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, климаттың өзгеруіне бейімделу, ауыл шаруашылығына заманауи тәсілдерді енгізу және тұрақты аграрлық жүйе қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланады.

Бүгінде климаттың өзгеруі, су ресурстарының шектеулілігі және азық-түлікке сұраныстың артуы аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуді талап етіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Өзбекстан мен FAO арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңге шығуы елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға бағытталған реформаларды қолдауы тұрғысынан маңызды.