Оңтүстік Кореяда ер адам пышақпен шабуыл жасап, сегіз адамды жарақаттады
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ер адам адамдарға пышақпен шабуыл жасап, сегіз адамды жарақаттаған.
Reuters» агенттігінің хабарлауынша, оқиға қаладағы супермаркетте болған. оның салдарынан жәбірленушілердің бірінің жүрегі тоқтап қалған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған. Қазір шабуылдың себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
«Yonhap» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қолдарына пышақ байлап алған ер адам сауда кешенінің бірнеше қабатын аралап, жолыққан адамдарға жарақат салған. Кейін оны айналасындағылар ұстап, полицияға тапсырған.
Ұсталған ер адам шамамен 60 жаста. Оның аяғында электронды бақылау білезігі болған. Жарақат алғандардың алтауы – әйел, екеуі – ер адам. Ауыр халдегі 20 жастағы әйелдің жүрегі тоқтап қалған.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Кванджу қаласында 20 жастағы ер адам 17 жастағы қызды пышақтап өлтіріп, тағы бір жасөспірімді жаралағаны үшін сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.