Мемлекет басшысының Түркіменстанға жұмыс сапары аяқталды
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркіменстанға жұмыс сапары аяқталды.
8 қазанда Мемлекет басшысы «Аваза» ұлттық туристік аймағында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне қатысты. Президентіміз өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, көлік байланысын нығайту және жаңа технологияларды енгізу, энергетика, су ресурстары мен экология мәселелерін бірлесіп шешу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу қорытындысында Бірлескен мәлімдеме қабылданып, көпжақты құжаттарға қол қойылды.

Саммит аясында Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер өткізілді. Жоғары деңгейдегі стратегиялық серіктестік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылуы келіссөздердің маңызды нәтижесі болды. Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен де кездесті. Сондай-ақ ТМД елдері делегацияларының басшыларымен бірге Ұлттық тағамдар фестиваліне барды.

9 қазанда Президентіміз ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде сауда және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, көлік байланысын дамыту, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ киберқылмысқа қарсы күрес жөнінде ұсыныстарын білдірді. Саммиттің кеңейтілген отырысында Өзбекстанның 2027 жылы ТМД-ға төрағалығының басым бағыттарын баяндады. Саммит қорытындысында құжаттар топтамасына қол қойылды.

Іс-шаралар аяқталған соң, Түркіменбашы қаласының әуежайында Өзбекстан Президентін Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Батыр Аннаев және басқа да ресми тұлғалар шығарып салды.
Мемлекет басшысы Ташкентке қайтып оралды.