Кадастр агенттігінің қызметі жаңа тәсілдер негізінде ұйымдастырылады
Президент Шавкат Мирзиёев Кадастр агенттігінің қызметін жаңа тәсілдер негізінде ұйымдастыру, халық пен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтерді жеңілдету жөніндегі ұсыныстардың тұсаукесерімен танысты.
Соңғы екі жылда 1 миллион 200 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысаны түгендеуден өткізілді. Нәтижесінде қосымша 16,5 мың гектар жер және 49 миллион шаршы метр құрылыс алаңы анықталды.
Анықталған нысандардың 270 мыңы кадастрлық базаға енгізіліп, бюджетке жыл сайын 315 миллиард сум көлемінде қосымша салық түсімін қалыптастыруға мүмкіндік туды. Кадастр қызметтерінің 90 пайызы онлайн форматта көрсетілуде.
Сонымен қатар салада халық пен кәсіпкерлерді алаңдатып отырған мәселелердің әлі де сақталып отырғаны атап өтілді.
Биылғы жылдың бірінші жартысында кадастр қызметтерін пайдалану бойынша 1 миллионнан астам өтініш келіп түссе, олардың 330 мыңы немесе 30 пайызы қабылданбаған. Яғни іс жүзінде әрбір үш өтініштің біреуі қанағаттандырылмаған.
Мұндай жағдайлар азаматтардың артық уақыт пен қаражат жұмсауына, мәселесін шешу үшін басқа мекемелерге немесе тұлғаларға қайта жүгінуіне себеп болып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де күшейтіп отыр.

Қызметтерді цифрландыру барысында барлық шешімді орталықтандырылған тәртіппен қабылдау тәжірибесінің қалыптасуы да халық үшін артық кедергілер туғызған.
Атап айтқанда, тұрғын емес нысанның санатын өзгерту үшін облыстық немесе республикалық деңгейдегі ұйымның келісімі талап етіледі. Бір мәселені шешу үшін азаматтардан бірнеше рет өтініш беру және әрбір өтініш үшін жеке төлем жасау талап етіледі.
Мәселен, бір ауланы ағайынды екі адам арасында бөлу үшін төрт, ал бір мұраны үш бөлікке бөлу үшін алты өтініш қажет. Бір өтініш аудан, облыс және республика деңгейінде 30–50 кезеңнен өтіп қаралады, ал бұл үдеріс орта есеппен 15–20 күнге созылады.
Жерді бақылау саласында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шараларының күшейтілуі оң нәтиже беріп отырғаны атап өтілді. Алайда тек айыппұл мөлшерін арттырумен шектелмей, құқық бұзушылықтардың салдарын жоюға және азаматтарды заңды қызметке қайтаруға бағытталған тетіктерді енгізу қажеттігі айтылды.
Таныстырылым барысында агенттіктің басқару құрылымы да сын тұрғысынан талданды.
Қазіргі уақытта аудан және облыс деңгейінде Кадастр агенттігі мен Кадастр палатасының жеке аумақтық бөлімшелері жұмыс істейді. Соның салдарынан жүйені іс жүзінде екі басшы басқарады.
Жүйедегі қызметкерлердің 56 пайызын басшылар мен бақылаушылар, ал 44 пайызын тікелей орындаушылар құрайды. Жұмысқа қабылдау үдерісінің күрделілігіне байланысты 700-ден астам жұмыс орны бос тұр. Қызметкерлердің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Бұдан бөлек, облыстық деңгейдегі басшыларға аудандық бөлімшелер басшыларына тәртіптік шара қолдану өкілеттігі берілмеген. Нәтижесінде орындаушы қызметкерлердің жұмыс жүктемесі артып, еңбекақы деңгейі төмен күйінде қалып отыр.
Осыған байланысты кадастр қызметтерін кезең-кезеңімен төменгі буынға беру және аумақтық бөлімшелердің өкілеттіктерін кеңейту ұсынылды.
Республикалық деңгейде жұмыс істейтін қызметкерлердің кемінде 30 пайызын аудандарға ауыстыру, сондай-ақ республика, облыс және аудан деңгейіндегі Кадастр палатасы мен қызмет көрсету құрылымдарын біріктіру көзделіп отыр. Бұл арқылы аумақтық бөлімшелердің дербестігі мен жауапкершілігі артып, қызметтер азаматтарға жақындай түседі.
Құрылымдық өзгерістер барысында халықтың әуре-сарсаңға түспеуі үшін бір апта ішінде «Кадастр кеңес беру бұрышы» және «Жедел кадастр» қызметтерін іске қосу міндеті жүктелді.
Сондай-ақ агенттік қызметін «бір өтініш – бір төлем» қағидаты негізінде ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқық пайда болған кезде өтініш автоматты түрде қалыптастырылып, проактивті қызмет көрсетіледі. Бұл арқылы жыл сайын 1 миллион 200 мың өтініш берушінің уақыты мен қаражаты үнемделеді. Кадастрға қатысты барлық қызметті бір өтініш негізінде көрсету жолға қойылып, жылына 200 мың артық өтініш қысқартылады.
Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу үдерісі толықтай онлайн форматқа көшіріледі. Нәтижесінде жыл сайын 500 мың өтінішті қазіргі 10–15 күннің орнына бірнеше секунд ішінде тіркеуге мүмкіндік туады.
Әкімшілік жауапкершілікті оңтайландыру жөніндегі ұсыныстар да мақұлданды.
Атап айтқанда, 2018 жылға дейін заңсыз салынған тұрғын үйлер үшін айыппұл салмау, заңсыз құрылыс өз еркімен жойылған жағдайда жауапкершілікті жеңілдету ұсынылды. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу үшін белгіленген мерзімде өтініш берілмеген жағдайда, алғаш рет айыппұл салудың орнына ескерту беру көзделіп отыр.
Жауапты тұлғаларға қызметтерді жеңілдету, артық кезеңдер мен төлемдерді қысқарту, шешім қабылдау өкілеттіктерін төменгі буынға беру, сондай-ақ сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.