Жапония көмір станцияларын қайта іске қосуды қолға алды
Жапония Таяу Шығыста жалғасып жатқан әскери-саяси шиеленістер салдарынан жаһандық энергия нарығының тұрақсыздануына байланысты көмір электр станцияларына қойылған шектеулерді жеңілдетуге мәжбүр болды.
2026 қаржы жылынан бастап экологиялық талаптар мен тиімділіктің төмен болуы себепті бұрын тоқтатылған көмір станциялары қайтадан электрмен жабдықтау жүйесіне қосылады.
Мұндай шешім бірнеше сыртқы факторлармен байланысты. Атап айтқанда, Ормуз бұғазының жабылуы, Қатардағы ірі сұйытылған газ зауыттарының жұмысының тоқтауы және жеке компаниялар арасындағы газды бөлуді орталықтандыру қажеттігінің туындауы жағдайды күрделендірді.
Премьер-министр Санаэ Такаичидің пікірінше, көмір станцияларын толық қуатында пайдалану және атом энергетикасын қайта жандандыру арқылы ел Ормуз бұғазы арқылы жеткізілетін газдың шамамен 40 пайызының орнын толтыра алады.
Сонымен қатар, бұл бастама Жапонияның «жасыл энергияға» көшу стратегиясынан уақытша шегінуі ретінде бағалануда. Сарапшылар көмірге қайта оралу ұзақ мерзімді экологиялық мақсаттарға, соның ішінде 2050 жылға қарай көміртексіз экономикаға қол жеткізу жоспарына қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтуде.