«General Motors» компаниясы Өзбекстанмен ынтымақтастықты кеңейтуде
Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында Өзбекстан мен АҚШ арасындағы автомобиль жасау және техникалық реттеу салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Өзбекстанның Техникалық реттеу агенттігі директорының орынбасары Журабек Шакаров АҚШ-тың жетекші автомобиль өндірушілерінің бірі – «General Motors» компаниясы мен «GM Uzbekistan» өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында саудадағы техникалық кедергілерді жою, техникалық реттеу, стандарттау, өнімдерді сынақтан өткізу және сәйкестікті бағалау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Тараптар бұл бағыттағы әріптестіктің Өзбекстан мен АҚШ арасындағы өнеркәсіптік және сауда байланыстарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Келіссөздер барысында «General Motors» компаниясының Өзбекстанның автомобиль өнеркәсібін дамыту мен әртараптандырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, кейінгі бес жылда елде 1,6 миллионнан астам автокөлік өндірілгені, Өзбекстанның Chevrolet үшін АҚШ-тан кейінгі екінші ірі нарыққа айналғаны және Орталық Азия мен ТМД елдері арасында сауда көлемі бойынша жетекші орындардың бірін иеленіп отырғаны айтылды.
Кездесу барысында қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін немесе техникалық стандарттарды орындамайтын көлік құралдарының нарыққа шығарылуына жол бермеу мақсатында Ташкент облысының Піскент ауданында орналасқан заманауи автомобиль полигонын (сынақ кешенін) бірлесіп пайдалану жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл бастама көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапа бақылауын күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Сонымен қатар, келіссөздерде АҚШ-тың Федералдық автокөлік қауіпсіздігі стандарттарын (FMVSS) пайдалану және оларды тәжірибеге енгізу мүмкіндіктері қарастырылды. Өзбекстан тарапы елдегі автокөліктердің сәйкестігін бағалау үдерістері қазіргі уақытта БҰҰ келісімдері аясында қабылданған халықаралық ережелер негізінде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Кездесу соңында «General Motors» өкілдері биылғы 22 маусымда Вашингтон қаласында Өзбекстан Техникалық реттеу агенттігінің делегациясымен кезекті кездесуді өткізуге дайын екендерін білдірді. Тараптар өзара тиімді әрі көпқырлы ынтымақтастықты жандандыруға, заманауи стандарттар мен инновациялық шешімдерді енгізу бағытындағы әріптестікті тереңдетуге келісті.
Бұл кездесу Өзбекстанның автомобиль өнеркәсібін халықаралық стандарттар негізінде дамыту, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық әлеуетін кеңейту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.