АҚШ Тәуелсіздік декларациясының жоғалған нұсқасы 250 жылдан кейін табылды
АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясының бұған дейін белгісіз болып келген, шамамен 250 жыл бойы жоғалды деп есептелген нұсқасы Ұлыбритания үкіметінің архивінен табылды.
«Financial Times» газетінің жазуынша, құжат Американың тәуелсіздік соғысы кезінде Ұлыбританияның Корольдік әскери-теңіз флоты қолға түсірген материалдардың арасында сақталған. Архивті қайта түгендеу барысында қызметкер тапқан бұл құжат 1776 жылдың шілде айында Нью-Гэмпширде басылып шыққан басылымның бүгінге дейін сақталған небәрі 11 данасының бірі болып шықты.
Ұлттық архив мәліметінше, құжат басылып шыққан сол жылдың желтоқсанында британдық «Raisonable» кемесі америкалық «Dalton» кемесін қолға түсіргеннен кейін Лондонға жеткізілген. Кейін декларация өзге құжаттарға қоса тіркеліп, ғасырлар бойы назардан тыс қалған. Бұған оның Адмиралтействоның ресми құжаттары арасында емес, жеке хат-хабарлар топтамасында сақталуы себеп болған.