Зироат Мирзиёева ДДСҰ Бас директорымен кездесу өткізді
Өзбекстан Республикасының Бірінші ханымы, «Замин» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Зироат Мирзиёева Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры доктор Тедрос Аданом Гебрейесуспен кездесті.
Зироат Мирзиёева ДДСҰ басшысына ұйымның әлемдік медицина мен денсаулық сақтау ісін дамытуға қосып жатқан үлесі үшін, сондай-ақ Өзбекстан балаларына қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін жаһандық платформаны қолдап, оны кеңейткені үшін ризашылығын білдірді.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға дайын екендіктерін атап өтті. Атап айтқанда, балалар қатерлі ісігін ерте анықтау, заманауи диагностика мен емдеу тәсілдерін енгізу, онкология және гематология саласындағы мамандарды даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларына реабилитация және психо-әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері сөз болды.

ДДСҰ басшысы Өзбекстанның денсаулық сақтау саласындағы бастамаларына, сондай-ақ маңызды әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан «Замин» қоры қызметіне жоғары баға берді.