Өзбекстанның Монакодғы алғашқы елшісі тағайындалды
Өзбекстанның Монако княздігіне жаңадан тағайындалған алғашқы Төтенше және Өкілетті елшісі (резиденциясы Париж қаласында орналасқан) Нодир Ғаниев Альберт II-ге сенім грамоталарын табыс етті.
Экология мен қоршаған ортаны қорғауға адалдығымен танылған Монако князі Өзбекстанда жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаларды дамытуға қызығушылық танытып, «жасыл экономикаға» көшу жолындағы қадамдарды және 2030 жылға қарай электр энергиясының 54 пайызын қайта жаңартылатын энергия көздерінен өндіру мақсатын жоғары бағалады.
Сондай-ақ, князь Альберт II биыл қазан-қараша айларында Самарқанд қаласының ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясына қонақжайлық көрсететінін ерекше атап өтіп, бұл беделді жиын Өзбекстанның халықаралық қауымдастыққа ашықтығы мен сыртқы саяси белсенділігінің айқын көрінісі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Өзбекстан елшісі екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдету үшін барлық күш-жігерін аямайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Өзбекстан мен Монако арасындағы дипломатиялық қатынастар 2013 жылғы 29 қарашада орнаған.
Нодир Ғаниев бұған дейін Өзбекстанның Франциядағы елшісі болып тағайындалып, 2024 жылғы қыркүйек айында Президент Эммануэль Макронға сенім грамоталарын тапсырған еді. Сондай-ақ дипломат осы жылдың мамыр айынан бастап елдің Португалиядағы елшісі қызметін де атқарып келеді.