Өзбекстанның Бірінші ханымы Германия Президентінің жұбайымен кездесті
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайернің Өзбекстанға жасаған ресми сапары аясында Өзбекстан Республикасының Бірінші ханымы Зироат Мирзиёева мен Германияның Бірінші ханымы Эльке Бюденбендер арасында кездесу өтті.
Жылы әрі ашық әңгімеден кейін Мемлекет басшыларының жұбайлары Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі жанындағы Халықаралық инклюзивті хабқа барды.
Мәртебелі мейманға хабтың инклюзивті кәсіптік білім беруді дамыту, заманауи білім беру технологияларын енгізу, сондай-ақ жастарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларды игеруге қолдау көрсетуге бағытталған қызметі таныстырылды.
Сапар барысында Бірінші ханымдар хабтың оқу шеберханалары және жобаларымен танысып, білім алып жатқан жастармен жүздесті.
Эльке Бюденбендер Өзбекстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру, кәсіптік білім беру жүйесін дамыту және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
ӨзА