Өзбекстандық спортшы Италиядағы автожарыста жеңіске жетті
Италияның Муджелло автотрегінде өткен «Ultimate Cup GT Sprint» жарысында өзбекстандық Исмоил Ахмедхужаев пен ресейлік Роман Русиновтан құралған жұп жеңімпаз атанды.
Демалыс күндері өткен жарыс Ахмедхужаев–Русинов жұбы үшін оңай болған жоқ. Іріктеу кезеңінде-ақ экипаж жоғары жылдамдық танытып, поул-позицияны иеленіп, көліктің жүлделі орындар үшін күресуге дайын екенін дәлелдеді.
Бірінші жарыста Исмоил Ахмедхужаев сәтті старт алып, көшбасшылар тобында келе жатқан кезде соқтығысуға ұшырады. Бұл жағдай «GT Sprint» жарыстарының қаншалықты күрделі әрі тартысты өтетінін тағы бір мәрте көрсетті.
Екінші жарыста Ахмедхужаев пен Русинов тізгіндеген «Rossa LM GT» автокөлігі қарымды өнер көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, «Ultimate Cup European Series» – Еуропадағы беделді автоспорт чемпионаттарының бірі. Бұл жарыс жүйесіне әртүрлі деңгейдегі бірнеше турнир кіреді, ал Муджелло кезеңі солардың ішіндегі ең маңызды сайыстардың бірі саналады.