Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстандық ғалымдар тұмауға қарсы жаңа препарат әзірледі

Тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар бүгінде әлем халқының денсаулығына төнген ең өзекті қауіптердің бірі болып отыр. Жыл сайын миллиондаған адам вирустық ауруларға шалдығып, олардың таралуы әсіресе күз бен қыс айларында күшейе түседі. Маусымдық инфекциялардың жедел таралуы медицина саласы үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де маңызды мәселе саналады.

Осы тұрғыда Өзбекстанда медицина мен фармацевтика саласында вирустық инфекциялардың алдын алу және олармен күресудің тиімді тәсілдерін табуға бағытталған ғылыми зерттеулер қарқынды жүргізіліп келеді. Міне осындай зерттеулердің нәтижесінде Өзбекстан Ғылым академиясының Полимерлер химиясы және физикасы институты ғалымдары вирусқа қарсы препарат әзірледі. 

Отандық ғалымдар жасаған «ЦелАгрип» препараты вирустарға қарсы белсенділігімен ерекшеленіп, интерферон индукторы ретінде бағаланып отыр. Препараттың басты ерекшелігі – ол вирустарға тікелей әсер етуден гөрі, адам ағзасының табиғи қорғаныс механизмдерін белсендіру арқылы иммундық жүйенің жауап реакциясын күшейтеді.

Мамандардың айтуынша, дәрілік құралдың әсер ету механизмі ағзадағы интерферондардың түзілуін ынталандыруға негізделген. Интерферондар – вирустарға қарсы табиғи иммундық қорғаныстың негізгі буындарының бірі саналатын ерекше ақуыздар. Олар жасушаларға вирустың енуі мен көбеюіне тосқауыл қойып, иммундық жүйенің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Осылайша, препарат организмді вирустық инфекцияларға қарсы күресуге алдын ала дайын күйге келтіреді. Нәтижесінде аурудың ауыр өту қаупі төмендеп, ағзаның қорғаныс қабілеті күшейеді, сондай-ақ инфекциялардың дамуы мен асқыну ықтималдығы азаяды.

Қазіргі уақытта «ЦелАгрип» препаратына қатысты барлық нормативтік-техникалық құжаттардың жобалары дайындалып, оны клиникалық тәжірибеге енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Вирустық аурулардың кең таралуы жағдайында профилактика мен иммунитетті нығайтуға арналған дәрілік құралдардың маңызы ерекше. «ЦелАгрип» сияқты интерферон индукторлары ағзаның табиғи иммундық қорғанысын белсендіру арқылы түрлі инфекциялық ауруларға қарсы күресте тиімді медициналық құралдардың бірі болуы мүмкін.

Сонымен қатар мұндай ғылыми әзірлемелер халық денсаулығын нығайтуда ғана емес, заманауи фармацевтикалық өндірісті дамытуда да маңызды рөл атқарады. Олар ұлттық ғылымның әлеуетін көрсетіп, ғылыми зерттеулердің нақты нәтижеге бағытталғанын айғақтайды.

Өзбекстандық ғалымдар әзірлеген «ЦелАгрип» препараты вирустық инфекцияларға қарсы күрестегі болашағы зор ғылыми жаңалықтардың бірі ретінде бағаланып отыр. Мұндай жетістіктер денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, халықтың денсаулығын қорғауға және ғылым мен инновацияның дамуына серпін беретін маңызды қадам болып табылады.