Өзбекстанда халық санағын өткізу кейінге шегерілді
Өзбекстанда жаппай халық санағын өткізу кейінге шегерілді.
Статистика агенттігінің түсініктемесіне сәйкес, 2021 жылдың 1-25 қарашасы аралығында Әндіжан, Ташкент және Хорезм облыстарының таңдаулы аудандарында және Ташкент қаласының аудандарының бірінде тіркеу процесі үш түрлі әдіспен - интернет, планшет және қағаз әдістері арқылы жүргізіліп, мұнда планшеттік әдіс ыңғайлы болды және осы әдіс экономикалық тиімді болғандықтан таңдалды.
«Сынақ процесі кезінде планшетпен жұмыс істеу халық санағын жүргізуде қағаз әдісінен ыңғайлы, жылдам әрі экономикалық жағынан тиімді екені белгілі болып, осыған орай халық санағын жүргізуде алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, тіркеудің қағаз әдісінен бас тартып, оны интернет арқылы және планшеттік құрылғыларды кеңінен қолдану арқылы жүргізу жоспарлануда», делінген хабарламада.
Бұл ретте, аталған іс-шараны өткізуге байланысты қаржылық шығындар зерделеніп жатқанын ескере отырып, соңғы шешім қабылданғаннан кейін Агенттік тарапынан қосымша ақпарат берілетіні айтылған.
2023 жыл 1 қазандағы жағдай бойынша республиканың тұрақты тұрғындарының саны 36 599 764 адамды құраған. Күн сайын елде тұрақты тұрғындарының саны орта есеппен 2,1 мың адамға көбейуде.