Өзбекстанда ірі қуатты АЭС салу жоспарлануда
20 маусым күні Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен «Узатом» агенттігі арасында маңызды стратегиялық келісімге қол қойылды.
Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Келісім Өзбекстан аумағында ірі қуатты атом электр станциясын салу мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуді көздейді.
Құжатқа сәйкес, тараптар екі «ВВЭР-1000» реакторлы энергоблок салу мәселесін талқылаған. Болашақта бұл жоба төрт блокқа дейін кеңейтілуі мүмкін. Жоба Ресейде және шет елдерде өзін ақтаған қауіпсіз әрі тиімді технологиялар негізінде жүзеге асырылады.
Қол қою рәсіміне «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв пен «Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхожаев қатысты.
Аталған келісім 2024 жылғы 27 мамырда Ресей Президенті Владимир Путиннің Өзбекстанға жасаған ресми сапары және 2025 жылғы 28 сәуірде Президент Шавкат Мирзиёевпен өткен келіссөздердің қисынды жалғасы ретінде қарастырылды.
Алексей Лихачёвтің айтуынша, Жызақ облысында салынып жатқан шағын қуатты АЭС-ке қосымша «ВВЭР-1000» реакторлы ірі станцияның іске қосылуы Өзбекстанда көміртексіз энергетикалық кластер құруға мүмкіндік береді. Мұндай инфрақұрылым тек электрмен қамтуды емес, сонымен қатар елдегі өнеркәсіп пен инновациялық салаларды дамытуға да негіз болады.
Өз кезегінде Азим Ахмедхожаев атап өткендей, жобаның техникалық және экономикалық негіздемесін зерттеу мақсатында бірлескен Жұмыс тобы құрылған. Қазіргі таңда алғашқы энергоблокқа қажетті реакторлық жабдықтарды дайындау басталған.
Жұмыс тобының қорытындылары негізінде ірі қуатты АЭС салу бойынша түпкілікті шешім қабылданады. Бұл шешім жобаны іс жүзінде жүзеге асыру үшін шешуші маңызға ие болады.