Өзбекстанда аптап ыстық: ауа температурасы 48 градусқа дейін көтерілуі мүмкін
«Узгидромет» жедел гидрометеорологиялық ақпарат жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, 18–20 шілде аралығында Өзбекстан аумағына оңтүстіктен өте ыстық ауа массаларының келуі жалғасады.
Осыған байланысты ауа температурасы 43–45 градусқа дейін, ал елдің оңтүстік және шөлейт өңірлерінде кей жерлерде 46–48 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ республика бойынша желдің жылдамдығы 13–18 м/с-қа дейін, кей кездері 20–22 м/с-қа дейін күшейеді. Кейбір өңірлерде шаңды дауылдың болуы ықтимал.
Айта кетейік, күн райының шамадан тыс ыстық болуына байланысты республиканың бірнеше өңірінде бала-бақшалар уақытша жабылып, жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер енгізілді.